Размер шрифта:

A
A
A

Изображения

Астанада «Әсемдік әлеміне 112 жыл. Pin-up & fashion» көрмесі ашылды

«ӘСЕМДІК ӘЛЕМІНЕ 112 ЖЫЛ. PIN-UP & FASHION» көрмесінің салтанатты ашылуы 2019 жылдың 31 қаңтарында ForteBank Kulanshi ArtSpace галереясында өтті. Шараға өнер қайраткерлері, жетекші өнертанушылар және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Экспозицияда Esquire (1930-1950 жж.), Cosmopolitan (1933-1934 жж.) және Playboy (1960 жылдар) журналдарының винтажды өрістеу кезеңдері, сонымен қатар пин-ап стилінде жасалған плакаттар, күнтізбелер, гравюралар және басқа көркем туындылар ұсынылды. Көрмеге барлығы 23 суретшінің жұмысы қойылды. Экспонаттардың көп бөлігі ART BANK петербургтік жинағынан келді.

«Көрме бұл бағыттың өмір сүруінің әртүрлі кезеңдерін – пайда болуы, джаз дәуірінде таралуы, екінші дүние жүзілік соғыс кезеңінде дамуы, 1960 жылдары танымалдылығының төмендеуі және 1990 жылдардың соңында қайта өркендеуін көрсетеді. Көрермендер Джил Элвгрен, Джордж Петти, Чарльз Дана Гибсон, Эрл Моран секілді суретшілердің шығармашылығымен танысады», - деді ForteBank Басқармасының Төрағасы Гурам Андроникашвили.

Сонымен қатар көрмеде ShakerBay қазақстандық брендінің Eastern Stream жаңа топтамасы көрсетіледі. Бұл марканы заманауи еуразиялық әйел образын және ырғағын жасауды мақсат еткен апалы-сіңілі Меруерт пен Күнайым Шакербаевалар шығарды.

«Тарихы жүздеген жылдардан асатын шекпендер мен кимоно – қазіргі заманауи әйелдің киім-кешегінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Біз енді сәнді журналдардан суреттерді (to Pin-Up) қиып алмаймыз, біз өзіміз заманауи еуразиялық әйел образын және ырғағын жасаймыз. Сапаға, өзіндік ерекшелікке және бірегейлікке баса назар аударылады» - деп мәлімдеді «Құланшы» заманауи өнер орталығының тәлімгерлік кеңесінің төрағасы Лейла Махат».

«ӘСЕМДІК ӘЛЕМІНЕ 112 ЖЫЛ. PIN-UP & FASHION» экспозициясы Астана қаласы, Достық көшесі 8/1 мекенжайындағы ForteBank ғимаратында 2019 жылғы 16 наурызға дейін жұмыс жасайды. Көрме күн сайын сағат 9:00 бастап 20:00 дейін ашық, кіру тегін.