Размер шрифта:

A
A
A

Изображения

ForteBank кәсіпкерлікті қаржыландыру үшін ЕҚҚДБ-дан $60 млн тартады

ForteBank ЕҚҚДБ-дан қаражат тарту арқылы микро-, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру бағдарламасының қатысушысы болды. Бұл бағдарлама банктің Қазақстан кәсіпорындарын тиімдірек талаптарда белсенді кредиттеуіне мүмкіндік береді.

Жалпы қаржыландыру пакеті кәсіпкерлерді қаржыландыруға арналған 50 млн АҚШ долларының теңгелей баламасы мөлшеріндегі және әйелдер кәсібін дамытуға арналған 10 млн АҚШ долларының теңгелей баламасы мөлшеріндегі 3 жылғы кредиттен тұрады. Тиісті келісімдерге 2019 жылғы 27 желтоқсанда ForteBank-тің бас офисінде қол қойылды.

«Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау – ForteBank-тің стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Біз Еуропа қайта құру және даму банкімен ынтымақтастығымыз жалғасатынына қуаныштымыз. Бұл банктің ЕҚҚДБ-дан тартқан екінші қарызы және біз бұл жолы қаражат қосымша кепілдіксіз тартылғанына ризамыз. 60 млн АҚШ долларының теңгелей баламасы мөлшеріндегі алғашқы қарыз 2016 жылы алынды және ол қазіргі уақытта сәтті іске асуда. ForteBank микро-, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру бағдарламасы бойынша 409 қарыз алушыны және «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы бойынша 96 қарыз алушыны қаржыландырды. ForteBank бұл саланы қаржыландыруды белсенді дамытуды жалғастыратын болады», - деп атап өтті ForteBank Басқармасының төрағасы Гурам Андроникашвили.

2018 жылдың қорытындысы бойынша ForteBank активтерінің мөлшері бойынша Қазақстаннның ең ірі үш банкінің қатарына кірді және капиталдандыру және өтімділік деңгейі бойынша көшбасшылық орынға ие. Ресейлік Markswebb аналитикалық агенттігінің пікірі бойынша ForteBank мобильді қосымшасы Қазақстандағы № 1 және ТМД-дағы үздік ондықтың бірі болып танылды. Global Finance және Asiamoney пікірі бойынша ForteBank екінші жыл қатарынан «Қазақстанның жыл банкі» деп аталды.